Былай қарағанда құм бойында өскен ауыл баласының теміржолшы мамандығын таңдауы сол кездің ұғымымен ойға келмес, ақылға сыймас нәрсе еді. Өмір бойы ауылдық кеңестің хатшысы болып қызмет атқарып келе жатқан елдегі беделді кісінің ұлдан үлкені болып саналатын Бақытқалидың мектеп бітіре сала қатарластары секілді бірден жоғары оқу орындарының біріне жол тартпай, Ақтөбедегі теміржол машинисінің көмекшілерін даярлайтын кәсіптік-техникалық училищеге құжат тапсыруы, шынында да, таңғаларлық жағдай болатын.
Ал ақиқатында бұған бағыт берген, себепші болған әкесі Ердіғалидың өзі еді. Ұзақ жылдар Жылтырдағы селолық кеңестің хатшысы болып қызмет атқарған Ердіғали Байменшин — өмірдің біраз қиыншылығын бастан өткерген, елге қамқоршы болған кісі. Оның қайынағасы Тұрғанбай Әйтімов жас кезінде аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болған, кейін ұзақ жыл теміржол бойында еңбек еткен. Оның үстіне ағасы Кенжебай да осы саланың байырғы еңбеккері, Ленин орденді теміржолшы, өмір бойы 64-разъезде тұрған. Осындай адамдардың тыныс-тіршілігімен жақсы таныс әке баласын да солардай болсын деп ойламады дейсіз бе?!
Училищені бітіргені туралы құжат қолына тиісімен бозбала жігіт Шалқар локомотив депосында слесарь болып еңбек жолын бастайды да, көп ұзамай қатарластарымен әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы азаматтық борышын Қиыр Шығыста өтеп келеді. Аз-кем уақыт болса да, жұмыс істеп, үйренісіп қалған ұжымы жауынгерлік сапта екі жыл шыңдалып келген оны қуана қарсы алады. Бақытқали енді мамандығына сәйкес машинист көмекшісі болып, бұрынғыдан бір сатыға көтеріледі.
Жетпісінші жылдардың басындағы уақыт өлшемімен алғанда, табысы да тәуір, жұмысы да өзінің ыңғайына келеді. Оның осылайша тапсырылған жұмысын тиянақты атқарып, жайлап жүре беруіне де болар еді, бірақ еңбектен қол үзбей, біліктілігін арттырып, мамандық дәрежесін көтере беруді алдына мақсат етіп қойыпты.
Әуелі Қазалы станциясындағы теміржол машинистерін даярлайтын жеті айлық курста оқып алды. Одан Ақтөбе теміржол техникумына түсіп, біліктілігін тереңдетті.
Сосын бастапқы тұста жүк пойыздарының машинисі болып еңбек етеді. Одан біраз тәжірибе жинақтаған соң жолаушылар пойызының тізгінін ұстауға қол жеткізеді.
Шалқар теміржолы бойындағы қиын да қызықты, кез келген адам ұмтылыс жасап, атқара алмайтын мамандық — тепловоз машинистері қатарына Бақытқали Байменшин осылайша қосылған еді.
Бұлар бір отбасында тоғыз бала өсті. Соғыстан кейінгі жылдарда аядай ауылға нәресте күлкісімен жылылық ала дүниеге келген буынның өкілі — Биғайшаға Қаламша жалғасып, кішкентайынан әке-шешесінің қолқанатына айналды. Олардан кейінгі Бақытқали мен Серікқали да үлкендік міндетті мойындарына ертерек алды. Өйткені соңдарында Бақытгүл, Кеулімжай, Айгүл, Амангүл секілді іні-қарындастар өсіп келе жатқан-ды.
Өзіне тетелес інісі Серікқали кішкентайынан қолынан кітабы түспей, әдебиетке құштар болды. Содан індетіп отырып журналистика жолына түсіп, осы салада өзінің қалам қайратын кеңінен көрсетті. Облыстық «Ақтөбе» газетінде әдеби қызметкерден редактордың орынбасары лауазымына дейін көтерілді. Филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі, дипломат.
Бұлар атасы Байменшенің құшақ жылуын көре алған жоқ. Ол 1940 жылы дүниеден өткен екен. Оның есесіне әжесі Қалдыфияның мейіріміне алғашқы үшеуі бөленіп үлгеріпті. Тіпті үйдегі екінші бала — Қаламшаны әжесі бірден бауырына басыпты. Ал Бақытқалидың нәресте иісіне үш-төрт ай ғана мауқын басқан. Бір ерекшелігі, әжесі Шалқар өңіріне танымал Төлеп молданың қызы болғандықтан ба, ерекше белгісі бар — нысаналы болып дүниеге келіпті. Ондай адамдарда бөлекше бір қасиет болған ғой.
«Құрметті демалысқа шыққан соң алғашқы зейнетақымды әжемнің ескі бейітін ақ кірпіштен көтеруге арнадым. Өкінішке қарай, шамалыдан соң ол жарылып, ескерткіш тақта да сондай күйге түсті. Негізінде молдалар бейітті жаңғыртуға болмайды деп жатады ғой. Бірақ бұл арада Қалдыфия әжемнің бөлекше болмыс иесі екенін аңғарғандай болдым», — дейді Бақытқали.
Анасы Ақсұлу ұзақ жылдар ауылдағы пошта бөлімшесінің меңгерушісі болды. Ол кезде пошта жұмысы қызу жүріп жататын-ды. Ауылдың үлкенінен кішісіне дейін таңертеңнен осылай қарай беттейді. Үлкендері зейнетақыларын, балалы әйелдер жәрдемақыларын алады. Газет-журналға жазылмайтын отбасы болмайды елде. Алыстағы қалаларда оқитын студент балаларына азық-түлігін, ақша қаражатын салып жататындар қаншама?!
Жалпы Байменшиндер әулеті халыққа қызмет етуге жаралғандай еді. Селолық кеңестің хатшысы Ердіғали әке ауыл тұрғындарының күнделікті тіршілігіне қажетті анықтама құжаттарын байыппен реттеп беріп отырса, Ақсұлу апаның еңбегі әлгінде айтылғандай. Ал балалары Бақытқали басқаларды айтпағанда, осы ауылдың қаншама адамын пойызына мінгізіп, жақсы жолдарға шығарып салды екен…
Сол Бақытқали Ердіғалиұлы бүгінде жетпіс деген ауылдың қақпасын қақты. «Байқаған адамға бұл да бір белес екен, — дейді ол. — Оңашада отырған сәтімде жүріп өткен жолдарыма көз саламын. Алғашқы ұстазым, қолыма әліппе ұстатқан Омар Батыров ағай ойға оралады».
Ақтөбе педагогикалық техникумы жанынан ашылған арнайы курстан бастауыш класс мұғалімі мамандығын алып шыққан ұстаз, негізінде, 1930 жылдан бастап ауданның Ұялы, Шахты, №14, 15, 22 ауылдық мектептерінде, Қорғантұз жеті жылдық мектебінде сабақ берген екен. 1941 жылы армия қатарына алып, ел қорғауға қатысады. «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағын алады.
Сол ұстазына көзі тірісінде ауылға барған сайын арнайы сәлемдесіп, батасын алып жүрген шәкірт сондай ізгілігі мол жандар алдында өзін қарыздар сезінеді.
Ал теміржол бойындағы тәлімгерлері ше?
Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КОКП ХХV съезінің делегаты болған Құрметті теміржолшы Анатолий Васильевич Самсоновтың сабағын алды.
Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері, «КСРО таңдаулы машинисі» Әлімжан Таңатовтың тәжірибесін игерді.
Майталман машинистер Сағидулла Мұсаев, Мерей Мақанов, Айтуған Насамбаев, Жарас Мақсатов, Захар Мәмбетов, Аманкелді Ермағамбетов, Жақан Мақсатов, Райхан Жалғасбаев жас қыранды қаумалап қатарларына қосып алды. Осылайша қырық үш жыл ғұмыры теміржол бойында өтіпті.
Айтпақшы, жұмыс істей жүріп Бәкеңнің Алматы халық шаруашылығы институтының экономика факультетінде де оқып алғаны бар. Осы білімімен Батыс Қазақстан теміржолы басқармасында қаржылық тексеруші қызметін атқарды. Еңбегін бағалағаны болар, кейінгі тұста Астана қаласына қызметке шақырып, сонда Солтүстік деп аталатын бөлімшеде тексеруші болды. Осы қызметінде талай тәртіпбұзушылықтарды анықтап, заңдылықтардың қалпына келуіне ықпал етті.
Әдетте тексерушілердің сыртынан әртүрлі қаңқу сөздер жүріп жатады ғой. «Бақытқали ыза жерді баспайды» дейді екен оны білетіндер. Бұл — оның адалдығына, өз ісіне мұқияттылығына берілген баға болса керек.
Бәкең зайыбы, ақ халатты абзал жан болып еңбек еткен Дәмиға Бақытқызымен бірге бес перзент өсірді. Айнұр, Ақмарал, Әсел, Жанаман бір-бір мамандық игеріп, өз қатарларының алдынан көрінді. Ақмаралдың өмірден ертерек өтуі ғана көңілге сызат түсіріп кеткені болмаса…
Қазір қолға ұстаған кенжесі Еламан мен Гауһардан Рахман, Жасмин, Әмина, Әлинұр атты немерелер сүйіп, олар ата-әже бақытына кенеліп отыр.
…Бақытқали ағаның қазіргі мекенжайы — құтты қонысы Ақтөбе қаласының теміржолға жақын бөлігінде орналасқан. Таңертең ерте тұрып, ауладағы бау-бақшасын аралап, шаруасын атқарып жүргенде де іргеден өтіп жатқан пойыздар доңғалағы дүрсіліне біртүрлі елеңдеп отырады. Бірақ бұрынғыдай бірінің ізін бірі қуалап, үдіксіз өтіп жататын вагондар көзге шалынбайды. Соның өзінде пойыздар кестесін жатқа біледі.
Батыстан шығысқа, шығыстан батысқа қарай бағыт ұстап, алысқа жол тартқан пойыздар үстіндегі жолаушыларға іштей жақсылық тілеп тұрады ылғи да.
Өз өмірін осы мамандыққа берік байланыстырған кәнігі теміржолшының ғибратты ғұмырының мәні де осында болса керек.
Нұрмұханбет ДИЯРОВ